Білім іздеген бауырым, бойыңда білімге деген енжарлық пайда болғанын байқасаң, бұрынғы өткен ғұламалардың еңбектері мен жасаған істерінен ғибрат ал.
Құтайба әл-Халиди бір сөзінде: <<Ибн Хажар секілді ғалымдардың орасан зор іс бітіргеніне таң қалған біреулер <<олар асқан ғұлама адамдар болатын, Аллаһ оларға осындай болуды нәсіп еткен>> деуі мүмкін. Әлбетте, олардың айтқанын жоққа шығару ойымызда жоқ. Бірақ, харекетсіз жатқан адамның ойға алған ісі өзінен-өзі біте салмайтындығын ескерген жөн. Біреудің жетегінде жүріп ғұмырыңды еш еткенше, өзің харекет жасап, бақ-талайыңа жазылғанды көр.
Иә, бізден бұрыңғы ұрпақ уақыт қадірін білгендіктен оны білім жиюға арнап, қас қағым сәтін де бекерге жібермеген. Тіпті олар біраз уақыттарының ауқаттануға келетініне өкінеді екен.
Ибн Ақыл: <<Тамаққа көп уақыт кетпес үшін, мұқият шайнап жұтуды керек ететін нанның орнына оның тіске жұмсақ арнайы түрін жеп, сумен итеремін. Осының арқасында пайдаға жарарлық нәрселерді оқу мен әлі үлгірмегенімді қағазға түртіп алу үшін біраз уақыт үнемдеймін>>, - деген екен.
Тағы бір сөзінде "Қас-қағым сәтім де бекерге өткен емес. (Шаршағаннан) тілім - дәріс оқу мен пікір алмасуға, көзім - кітап оқуға әлі жетпей жатса, дамылдап жатып-ақ ой қортуға тырысамын. Содан орнымнан тұрған сәтте жаңағының барлығы оп-оңай қағаз бетіне тізіле қалады. Сексен жасымда, баяғы жиырма жасымдағыдан да артық білімге ынтызар болғанымды сеземін",- депті.